Қазақтың киелі топырағы – тағдырдың жазуымен табан тіреген талай ұлт пен ұлыстың бағына бұйырған құтты мекен, киелі қара шаңырақ. Тарихтың қилы кезеңдерінде қазақ халқының кең пейілі мен бауырмалдығы жүздеген этносқа пана болып, бүгінгі мызғымас тұтастығымыздың мәңгілік іргетасын қалады. Осы бір үлкен отбасының ажырамас мүшесі, мәдениеті мен тарихы тамырлас татар ағайындар – елдің рухани қазынасын байытып, достықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бір аспанның астында ынтымағы жарасып, салт-дәстүрі мен мәдениеті астасқан ағайынның хикаясы келесі бейнематериалда.
Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары. Қилы заманның құрығына ілініп, туған топырағынан ажыраған мыңдаған татар отбасылары қазақ даласына депортацияланды. Еділ бойынан үдере көшкен жандарды қазақ халқы «өзінде жоқ болса да, барымен бөлісіп», бір үзім нанын бөліп беріп, бауырына басты.
САИМА АКБЕРДИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Менің әулетімнің тарихы қазақ елінің тарихымен бірге өрілді. Атамыз қуғын-сүргіннің ауыр жылдарында жазықсыз жапа шегіп, Сібірге, кейін Қазақстанға жер аударылған. Сол бір зұлмат заманда барынан айырылды. Соғыс жылдары әкемді тағдыр тепкіге салды. Соғыс басталғанда әкем небәрі 19 жаста еді. Мектепте физика мен математикадан сабақ беретін. Кейін арнайы шақыртумен майданға аттанды. Кейін оның екі бауыры да соғысқа кетті. Үшеуі де ел үшін, жер үшін от кешті. Бірі қайта оралмады. Қиын қыстау кезеңде қазақ жері бізді құшақ жая қарсы алды. Сол жылдары адамдардың бір-біріне деген мейірімі ерекше еді. Қуғын-сүргін көрген талай жан осы өңірге қоныстанып, бір үзім нанды бөлісіп, бір-біріне демеу болды. Сол бірлік бізді де сақтап қалды. Бүгінде еткен еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Балаларымыз өсіп-өнді, немерелеріміз бар. Әрқайсысы өз жолын тауып, еңбек етіп жүр. Қазақтың мәдениетін де, тілін де құрмет тұтамыз.
Татар халқы қазақ құндылықтарын жатсынбайды. Тілімізді қадірлеп, салт-дәстүрді бәрінен биік қояды. Айтуларынша, қазақ мәдениетіне деген мұндай құрмет – екі халықтың тамырлас тарихы мен туыстық ниетінен бастау алады.
РАЗИЯ ГАРЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қазақ халқы – қонақжайлығымен, кең пейілімен, ақкөңіл мінезімен ерекшеленетін халық. Маған әсіресе ағайындарымыздың әрдайым бірлікке ұмтылып, қиын сәтте бір-біріне сүйеу бола білетіні ұнайды. Үлкен іс, ортақ шаруалар туындаса, барлығы жұмыла көтеріліп, бір кісідей атсалысады. Осындай бірлік пен ынтымақтың жарқын көрінісі – «асар» дәстүрі дер едім. Бұл – халықтың бауырмалдығы мен ауызбіршілігін айқын көрсететін тамаша үрдіс. Біздің татар халқы да дәл осындай дархан көңілді, мейірімді, қамқор халық. Қазақ тілі мен татар тілі де бір-біріне өте жақын, ұқсас тілдер. Сол себепті де қазақ тілін жеңіл түсінеміз.
ГЕНРИЕТТА ИЗМАЙЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қазақтың әндері бізге өте жақын. Олардың әуені де, сазы да өте жағымды, жүрекке жылы тиеді. Қазақ пен татар әуендерінің табиғаты ұқсас, жұмсақ, жанға жайлы. Мен Қазақ жеріне шын жүректен ризамын. Бұл ел бізді кең құшағына алды, қиын сәтте демелі. Қазір мұнда әртүрлі халық өкілдерімен бірге тату-тәтті өмір сүріп келеміз.
Қазақстанның кең даласы барша ұлтқа ортақ бесік болса, сол бесікті тербеткен бірлік пен келісім – мемлекетіміздің мызғымас тірегі. Дастархандағы дәм мен көңілдегі ақ ниет тоғысқанда, ешқандай жаттыққа орын қалмайтыны хақ.