Түркістан облысы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен аяқтады. Қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, өңір республика бойынша 1-орынға шықты. Жалпы өңірлік өнім көлемі бірінші тоқсанда 1 трлн 129,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 109,6 пайызды құрады.


 Бұл нәтижелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары мен жауапты мекеме жетекшілері қатысты. Облыс әкімі индикаторларды орындай алмаған басшыларға сын-ескертпе жасап, жұмысты күшейтуді тапсырды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша облысымыз бірінші орынға шықты. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бірақ кейбір аудан, қалалар өздеріне жүктелген индикаторларды толық орындай алмады. Ауызша ескерту береміз. Алайда 9 айдың қорытындысына дейін сол кемшіліктерді жоюды тапсырамын.


 Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасап, аудан және қала әкімдері мен облыстық басқармалар қызметінің тиімділігіне жүргізілген рейтинг қорытындыларын жариялады.


ГҮЛФАРИ ӘЖІМЕТОВА, ҚАРЖЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК АКТИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ағымдағы жылы аудан және қала әкімдерінің жұмысын бағалайтын индикаторлар белгіленген болатын. Қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша қызмет тиімділігі 93 индикатор негізінде бағаланды.


Алты айда облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 873,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 423,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Тау-кен өндірісінің көлемі 378,9 млрд теңгені құрап, 119 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласында 325,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайыз болды. Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 894,6 млрд теңгеге жетіп, 144,4 пайыздық өсімге қол жеткізілді.