Қазақстан – табиғи уран қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі. Барланған қор көлемі бойынша екінші орында тұрған еліміз бүгінде жаһандық уран өндірісінің көшбасшысы саналады. Ал бұл жетістіктің негізгі үлесі – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына тиесілі. Қазір мекеме еншілес және серіктес кәсіпорындарымен бірге еліміздің 27 кен орнында уран өндіріп, әлемдік нарықтың шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Созақ ауданындағы Батыс Мыңқұдық кен орны – елдегі ірі өндіріс ошақтарының бірі. Мұнда «Қазатомөнеркәсіпке» қарасты кәсіпорын жиырма жылдан бері жерасты ұңғымаларын шаймалау технологиясы арқылы уран өндірумен айналысады. Қазір өндіріс алаңында 150-ге жуық маман еңбек етеді. Геологтардың айтуынша, кен орнындағы уран қоры 31 мың тоннадан асады. Жыл сайын мұнда 800 тонна уран өндіру жоспарланады. Ол үшін 14 бұрғылау қондырғысы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Ал ұңғымалардың тереңдігі 350-410 метрге дейін жетеді.


ӘЙГЕРІМ ДҮКЕНБАЕВА, ГЕОЛОГИЯЛЫҚ-ГЕОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жылына өзіміздің межеленген жобамыз бар, мөлшерлеме. Ол 800 тонна. 14 бұрғылау қондырғысы жұмыс істеп келеді. Ұңғымаларымыз 350-ден бастап 410 метр тереңдікте орналасқан. Дәл сол тереңдікте уран орналасқан өнімді қабат бар. Сол өнімді қабатты бақылау үшін бақылау ұңғымалары да бар.


Компания өндіріс көлемін арттырумен қатар табиғи ресурстарды тиімді игеруге басымдық беріп келеді. Осы мақсатта минералдық-шикізат қорын кеңейтуге бағытталған геологиялық барлау жұмыстары күшейтіліп, алдағы жылдары бұл салаға құйылатын инвестиция көлемі ұлғайтылмақ. Мұнда технологиялық жаңғыру да қарқын алған. Бүгінде сорғылау стансалары, ерітінділерді өңдеу цехтары мен басқа да өндірістік нысандар толықтай цифрлық басқару жүйесіне көшірілген. Автоматтандыру еңбек қауіпсіздігін арттырып, өндіріс тиімділігін де еселеген.


ҚАНАТ ҚАЛИЕВ, ӨНІМДІ ЕРІТІНДІЛЕРДІ ӨҢДЕУ УЧАСКЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ
Бұрғылау стансасының барлық жұмысын осы жерде аппарат өзі бақылауда ұстап отырады. Бұл жерде адамның күші керек емес. Барлығын аппарат бақылауда ұстап, жабатынын жауып, керек параметрдің барлығын өзі өзгертіп отырады. Жұмыстың барлығы осы жерде жүргізіледі.

Қазақстандық уранға әлемдік сұраныс артып келеді. Бүгінде «Қазатомөнеркәсіптің» өнімі әлемнің көптеген атом электр станцияларында пайдаланылады. Компания өнімдерін негізінен Азия, Еуропа және АҚШ нарығына экспорттайды. Өткен жылы сегіз мемлекетке өнім жөнелтсе, қазір компанияның нарықтық капитализациясы жеті есеге артқан.


ЖҰМАҒАЛИ МАРКЕНБАЕВ, СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
Біздің қазіргі шығарып жатқан өнім әлемдік сапаға сай келеді. Соңғы ендіргеніміз сол сапаны ұстап қалу және де үнемдеу болып саналады. Яғни бастапқы бағытымыз сол стандартты сақтай отырып, пиаксид қондырғысын аммиакты қондырғыға ауыстырдық. Ол тікелей шетелге экспортқа дайын.


Өндірістегі табыс тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Компания қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөледі. Заманауи жатақханалар мен демалыс орындары жұмысшылардың қолайлы еңбек етуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын өңірдің әлеуметтік дамуына да қолдау көрсетіп келеді. Мекеме денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, тұрғын үй құрылысы және инженерлік инфрақұрылым жобаларына инвестиция салып, елді мекендерді көркейтуге үлес қосуда.