Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында орналасқан көне қалашық қорғанын сақтау жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар тарихи нысанға ғылыми-реставрациялық өңдеу жүргізуде. Қабырғаны қалпына келтіру туралы шешім мониторинг қорытындысынан кейін қабылданған. Зерттеу барысында қорған қабырғасының жыл сайын 10–15 сантиметрге ығысатыны анықталған.

Жобаға сәйкес, шығыс қақпадан басталатын 32 метрлік аумақ қалпына келтірілді. Ал апатты жағдайда тұрған қабырға бөлігінің жалпы ұзындығы – 40 метр. Қорған қабырғасы 2000 жылдары археологиялық зерттеулер негізінде қайта қалпына келтірілген болатын. Бұл жолы реставраторлар іргетасты нығайтып, апатты бөліктен алынған жарамды материалдарды қайта пайдалану арқылы қабырғаның бүлінген тұстарын қалпына келтіруде. Бұл жұмыстар тарихи нысанның одан әрі бүлінуіне жол бермей, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтауға мүмкіндік береді. Ғылыми-реставрациялық жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.