Таза ауадағы демалыс, көтеріңкі көңіл күй және жарқын әсер. Шымкенттегі «Tal Resort» демалыс аймағында ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған «Бақытты балалық шақ» психологиялық тимбилдингі өтті. Қатысушыларға арнап түрлі ойындар, танымдық бағдарламалар мен сауықтыру шаралары ұйымдастырылды.
Іс-шараға №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен «Сенім–Ай» қоғамдық бірлестігінің жастары қатысты. Бағдарлама аясында тәжірибелі психологтар танымдық ойындар, сергіту жаттығулары мен командалық тапсырмалар ұйымдастырды. Қатысушылар бір-бірімен еркін араласып, өзара сенімді арттыратын психологиялық тренингтерге белсенді қатысты.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫ
Жалпы шараны қолдаған «Mega Most Construction» мекемесі. Негізгі мақсат осы балалармен көңілді сәтті өткізу. Олардың дамуына командалық ынтымақты нығайтуға баулып жатырмыз.
Шараның ең қызықты сәттерінің бірі – аква-терапиялық демалыс пен көбік шоуы болды. Бұл ерекше бағдарламалар жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жазғы демалысты ұмытылмас әсерге бөледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ерекше қажеттілігі бар жастардың қоғаммен етене араласып, белсенді өмір салтын қалыптастыруына оң ықпал етеді.
ӘСЕТ ТОҚТАМЫС, «ОҢТҮСТІК БАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ» ТӨРАҒАСЫ
Президентіміздің жолдауында айтылғандай еліміздің болашағы жастар. Өскелең ұрпаққа осы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Демалыс айларында балалар бір қуанып қалсын деген ниетпен ұйымдастырып отырмыз.
Мерекелік бағдарламаны «Хан» өнер мектебінің бишілері әсерлі қойылымдарымен әрледі. Аниматорлар ұйымдастырған флешмобқа қатысушылар ерекше ықыласпен қосылып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жаз мезгіліндегі сақтық шаралары жөнінде пайдалы кеңестер берді.