Соңғы уақытта елдегі тұрғын үй нарығында бағаның беті бері қарар емес. Қарапайым халықтың баспанаға қол жеткізуі жыл өткен сайын қиындап барады. Бірі – пәтер жалдап күнелтіп, енді бірі – ипотеканың қамытын киіп, мойнынан жүк арылмай жүргені рас. Бұл аздай, бұл жылы баға тағы 20 пайызға өсті. Мамандар мұндай жағдайдың туындауына құрылыс материалдарының құны, инфляциялық қысым мен сұраныстың артуы сынды бірқатар фактор әсер еткенін айтады. Тұрғын үй нарығының бүгінгі ахуалы жайлы тілшіміздің бейнематериалында.

Үйі жоқтың-күйі жоқ. Бұл сөздің мағынасы қазір бұрынғыдан да өткір. Шарықтаған бағаны көрген жұрт сансыз ойдың шырмауында қалды. Бірі жылдап ақша жинап, «тиыннан теңге құрап», қаржысын есептейді. Енді бірі банктердің табалдырығын тоздырып, тиімді несие іздейді. Бірақ, бастапқы жарна мен ай сайынғы төлем көпшіліктің қалтасын көтермейтін көрінеді.

Жұртшылық үшін ипотеканың қызығынан гөрі қиындығы басым. Бұл еңбек жолын енді бастаған Ұлбосын үшін де оңайға соқпаған. Жас маман алғашқы табысын жинап, жылдар бойы армандаған үйінің жарнасын құйып, баспанаға қол жеткізді. Ол ай сайынғы төлем мен күнделікті шығынның арасы тарылып, қаржылық жауапкершілік екі есе артқанын айтады.

ҰЛБОСЫН НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мемлекеттік үй беру бағдарламаларының ақпараттарына сүйенсек, келесі жылы үй алу бағасы 20 пайызға көтеріледі деген ақпаратты ескере отырып, бұл жоспарымды кейінге қалдырмауды жөн көрдім.  Мен де айлық табысымның белгілі бір бөлшегін басқа шотқа салып, жинап отырдым.Тағы бір кеңесім, банк бағдарламаларын зерттеңіздер.Кейде пайыздық мөлшерлеме төменді көрсетіп тұрса да, банк халыққа тиімді шарттарды ұсынуы мүмкін.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Мамандардың айтуынша, мұндай қарқын халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Себебі, бағаның шарықтауы тұрғындардың сатып алу қабілетін төмендетіп, нарықтағы теңгерімді бұзады.


АЙДОС АТАЕВ, САРАПШЫ
Қазір қандай ипотекалық бағдарлама бар, яғни қандай мүмкіндікпен үй алуға мүмкіндіктеріңіз жетеді, дәл солай үй алуды қазірден бастап жүзеге асырған дұрыс.Себебі, қазір сіз алғыңыз келіп тұрған үйдің бағасы 15 миллион болса, сіз ақша жинаймын, толықтырамын, тағы бір ипотекалық бағдарламаға салып қоямын, жинақтаймын деп жүргенде ол үйдің бағасы 20-25 миллионға барады.


Мемлекет соңғы жылдары баспана мәселесін шешу үшін бірқатар жобаны қолға алды. «Наурыз», «7-20-25», «Қамқор» сынды бағдарламалар-тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік берген маңызды бастамалар. Дегенмен, бұл бағдарламалар тиімді жүзеге асуы үшін шарттары мен талаптарын жеңілдетіп, қатысу тетіктерін барынша ашық ету маңызды,-дейді сарапшылар. Себебі, кейбір жас мамандар мен орта табысты азаматтар үшін бастапқы жарнаны төлеу мен табысты дәлелдеу әлі де күрделі мәселе болып отыр.


МАДИНА ҚАБАЙ, ИПОТЕКАЛЫҚ БРОКЕР
Екінші деңгейлі банктердің пайыздық үстемесін 25 пайыздан 20 пайызға түсіруін сұранды.Бірақ, бұл екінші нарықтағы банктерге өте тиімсіз.Себебі, біздің ұлттық банктегі пайыздық мөлшерлеме 18 пайызды құрайды.Сондықтан 1 қарашада екі болжам бар.Немесе екінші нарықты тоқтады толық, екіншісі рәсімдеуге шарттарды қиындатады.


Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде жаңа тұрғын үйлердің сату құны орта есеппен 11,3 пайызға артып отыр. Онымен қоймай, тұрғын үйді жалға алу ақысы 8,5 пайызға қымбаттаған.Сарапшылар мұндай жағдайда әліптің артын бағып, нарықтың тынысын бақылаған жөн деп топшылайды.