Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Өңірде жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылған. Жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысына арналған алқа отырысында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар таныстырылды.


Бүгінде облыс аумағында 25 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Бұл жобалар, ең алдымен, шалғай ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Соңғы жылдары өңірде ана мен бала денсаулығын қорғау саласында да оң өзгерістер байқалады. Сондай-ақ, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік медициналық ұйымдарда 19 компьютерлік томограф, 7 магниттік-резонанстық томография аппараты мен 8 сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық құрылғы бар. Ал ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті күшейту үшін қосымша құрал-жабдық алуға бюджеттен 5,1 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.