Қазақстандықтар енді медициналық кітапшаның цифрлық нұсқасын пайдалана алады. Жаңа сервис eGov Mobile және Halyk мобильді қосымшаларында қолжетімді. Енді балабақша, қоғамдық тамақтану орындары мен тұрмыстық қызмет көрсету саласында еңбек ететін азаматтарға қағаз түріндегі медициналық кітапшаны алып жүрудің қажеті жоқ. Қызметкер жұмыс орнында ұялы телефоны арқылы электрондық медициналық кітапшасын көрсетсе жеткілікті.


Цифрлық жүйе мемлекеттік бақылауды да жеңілдетпек. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жұмысшылардың міндетті медициналық тексеруден уақытылы өткен-өтпегенін қашықтан бақылай алады. Ал егер жоспарлы медициналық тексеруден өту мерзімі өтіп кетсе, бұл туралы жүйеде автоматты түрде белгі қойылады. Мұндай жағдайда қызметкер тексеруден өткенге дейін уақытша жұмысынан шеттетіледі.