Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта айыпталушы, 29 жастағы Шерхан Аймахан жауап беріп, оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндады.
Сотталушы Шерхан Аймахан Нұраймен 2025 жылдың жазында танысып, кейін екеуі жақын қарым-қатынас орнатқан. Айыпталушының айтуынша, ол қызға сыйлықтар жасап, қаржылай қолдау көрсетіп келген. Сондай-ақ, сол жылдың қазан айында екеуі үйленуге уағдаласқанын мәлімдеді. Шерхан Аймаханның сөзінше, 11 қаңтар күні ол Нұрайды кездесуге шақырып, айырылысатынын айтып, бұрын сыйлаған сақинасын қайтарып алмақ болған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал шыққан.
ШЕРХАН АЙМАХАН, АЙЫПТАЛУШЫ
Айырылысатынымды айтқанымда, ол ашуланып, сақинаны оң қолымен көшеге лақтырып жіберді. Содан кейін маған бірінші болып пышақ сұқты, оң жақ қапталыма тиді. Одан кейін аффект жағдайында, қатты жан күйзелісіне түсіп қалдым. Сол жерден кейінгі оқиға есімде жоқ.
Айыпталушы Нұрайдың туыстары бұл қарым-қатынас туралы білгенін жеткізді. Дегенмен, бұған дейінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы мен марқұмның жақындары Шерхан Аймаханның бойжеткенге 36 жерден пышақ жарақатын салғанын хабарлаған болатын. Қазіргі таңда сот талқылауы жалғасуда.