Түркістан облысында биыл кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 1450 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған. Үміткерлерді іріктеудің алғашқы кезеңі 24 маусым мен 7 шілде аралығында өтіп, оған 1542 адам өтініш берді. Кандидаттар өздерінің бизнес-жобаларын арнайы комиссия алдында қорғап, кәсіп бастауға дайындығын таныстырды.

Комиссия шешімімен 729 азаматтың жобасы қолдау тауып, қайтарымсыз грантқа ие болды. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылған азаматтар және қандас мәртебесіне ие үміткерлер бар. Мемлекеттік гранттар өндіріс, техникалық қызмет көрсету, мал және құс шаруашылығы, көкөніс өсіру, қолөнер және тамақ өндірісі бағыттарындағы жаңа кәсіптерді ашуға әрі дамытуға бағытталады.