Шымкентте қоқыстан электр энергиясын өндіретін кешеннің капсуласы салынды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd» компаниясының басшылығы қатысты. Ауқымды инвестициялық жоба Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында іске асырылуда.
Жаңа зауыт тәулігіне шамамен 1000 тонна қатты тұрмыстық қалдықты термиялық әдіспен кәдеге жаратып, сағатына 24 мегаватқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұдан бөлек, зауыттан шығатын күлден құрылыс материалдарын өндіру де көзделген. Бір сөзбен айтқанда, қоқыс толықтай қалдықсыз өңделеді.
ЯН ХАЙШЭН, «SHAANXI CONSTRUCTION» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Жалпы, біздің бұл салада мол тәжірибеміз бар. Қалдықтарды өңдеу – әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату экологияны жақсартумен қатар, экономиканың дамуына да оң әсер етеді.
Жобаға 54 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Құрылыс жұмыстары екі жыл ішінде аяқталып, нәтижесінде 80 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешенде қалдықтарды термиялық әдіспен қайта өңдейтін озық технологиялар қолданылады. Жоба қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл кешен қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді термиялық кәдеге жаратып қана қоймай, электр энергиясын өндіруге, заманауи технологияларды енгізуге және қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Инвесторлар мен серіктестерімізге сенімі мен бірлескен жұмысы үшін алғысымды білдіремін.
МҰРАТ АБДРАХМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Кешен жалпы аумағы 12 гектар жерге салынады. Заманауи технологиялар арқылы қалдықтар өңделіп, кәдеге жаратылады. Өндірілген электр энергиясы KEGOC компаниясының желісіне беріледі. Бұл бойынша тиісті келісім жасалған. Кейін электр энергиясы қаланы жарықтандыруға бағытталады.
Бүгінде Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы бауырластық байланыс нығайып келеді. Жаңа зауыт – соның жарқын көрінісі. Қала әкімі жобаны жүзеге асыруға үлес қосып отырған инвесторларға алғыс білдірді. Өйткені қоқыстан қуат өндіретін кешен қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, қаланың экологиялық жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін бірегей жоба.