Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге заманауи технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Енді тәртіпті тек жерден ғана емес, әуеден де бақылауға болады. Полицейлер жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерді дрондардың көмегімен анықтап, құқық бұзушылықтың алдын алуда.
Әуеден бақылау жүргізетін ұшқышсыз аппараттар қауіпті маневрлерді дер кезінде тіркеп, полицияға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Кезекті рейд барысында Ордабасы ауданында қарсы бағытқа шығып, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды. Полицейлер көлікті тоқтатып, құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мамандардың айтуынша, қарсы қозғалыс жолағына шығу – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін ең ауыр заңбұзушылықтардың бірі. Мұндай әрекет ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болып, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырады.