Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Алдымен тұрғын үй кезегінде тұрған 31 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстап, баспаналы болған тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Жаңа қоныс иелерінің қатарында мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және бюджет саласының қызметкерлері бар. Одан кейін шаһар басшысы Ынтымақ-2 шағынауданындағы №14 емдеу орталығының бөлімшесіне барып, медициналық қызмет көрсету сапасымен танысты. Кездесу барысында мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және даму бағыттары талқыланып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді. Сапар аясында Еңбекші және Қаратау аудандарын жалғайтын Сайрамсу өзені арқылы салынып жатқан жаңа автокөлік көпірінің құрылысы да бақылауға алынды. Демеушілердің қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба көлік қатынасын жеңілдетіп, екі аудан арасындағы байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.
Қала әкімі сондай-ақ Азат шағынауданындағы Ақбидай көшесінде жүргізіліп жатқан жол құрылысының барысын тексерді. Жауапты мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, жол бойындағы аумақты толық абаттандыруды қамтамасыз ету тапсырылды.