Мақтаарал ауданында тағы бір қуанышты күн. Бір күнде 52 отбасы көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси елді мекенінде бой көтерген 100 тұрғын үйдің алғашқы 52-сі әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға табысталды. Жаңа қонысқа ие болғандар «Отбасы банк» АҚ арқылы баспаналы болды.

Жаңа үйлер тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне қажетті барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су және кәріз жүйесі толық жүргізілген. Сонымен қатар, тұрғын үй аумағын абаттандыру, асфальт-бетон жабындысын төсеу және кірме жолдарды ретке келтіру жұмыстары да толық аяқталған. Қоныс иелеріне үй кілттерін табыстау рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.


БАҚЫТ АСАНОВ, МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен жарқын болашағының негізі. Сондықтан бүгінгі іс-шара көптеген отбасы үшін жаңа өмірдің бастауы, көптен күткен арманның орындалған күні деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Жаңа қонысқа ие болған барлық отбасыларды шын жүректен құттықтаймын.


Әрбір тұрғын үйдің жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайды. Үйлерде кіреберіс, үш тұрғын бөлме, ас үй және санитарлық торап қарастырылған. Сондай-ақ әр үйге 7 сотық жер телімі берілген. Бұл тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылық жүргізуіне, бау-бақша өсіріп, тұрмысын жақсартуына қосымша мүмкіндік береді. Жаңа баспананың кілтіне ие болған отбасылар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен армандарының орындалуына дән риза екендерін жеткізді.


ҰЛЖАН ҚАРАТАЕВА, ЖАҢА БАСПАНА ИЕСІ
Мырзакенттің тұрғынымын. Бүгін үйлі болдым. Көп рақмет! Алладан қайтсын. Қуанышымда шек жоқ. Денсаулығыма байланысты осы үйге қол жеткіздім. Үш балам бар.


ӘЛИЯ БАЙБАБАЕВА, ЖАҢА ҚОНЫС ИЕСІ
Фирдауси ауылынан жаңа үй алдым. Үйлі болғаныма өте қуаныштымын. Үш бөлмелі үй өте ыңғайлы екен. Екі жатын бөлмесі, қонақ бөлмесі және ас үйі бар. Бүгін аудан әкімінің қолынан кілт алдым. Қуанышымда шек жоқ.


Айта кетейік, «Жаңажол ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі Ақжол елді мекенінен Фирдауси елді мекеніндегі жаңа ғимаратқа көшті. Сонымен қатар, бұл шағынауданда алдағы уақытта спорт және ойын алаңдары, сондай-ақ мәдениет үйі салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.