Елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын тұрғындарға арналған мемлекеттік бағдарлама жаңартылып жатыр. Енді оған қатысушылар жаңа өңірден баспана сатып алу үшін 7 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау ала алады.

Сонымен қатар мемлекет қоныс аударушыларға басқа да қолдау шараларын ұсынады. Атап айтқанда, көшу шығындары субсидияланып, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтердің ақысы өтеледі. Бұдан бөлек, жаңа жерде тұрақты жұмысқа орналасуға да көмек көрсетіледі. Тіпті, тұрғындарға жұмыс орнын көшіп бармай тұрып-ақ таңдауға мүмкіндік бар. Ол үшін азаматтар жұмыс берушімен қашықтан келіседі. Айта кетейік, ерікті қоныс аудару бағдарламасы елде 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жобаға 74 мыңға жуық адам қатысып, олардың 31 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылды.