Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған заманауи оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 150 орындық жаңа нысан шаһардың солтүстік бөлігінде орналасқан. Мұнда І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға заманауи үлгідегі сапалы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетілетін болады. Жаңа нысан пайдалануға қашан беріледі? Тілшіміз анықтап көрді.
Орталықта көрсетілетін қызметтер ерекше жандардың өмір сапасын арттыруға, қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған. 150 орындық нысанның құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында басталған. Бес блоктан тұратын ғимарат 5,3 гектар аумақты алып жатыр.
ҚУАТ ӘБДУҚАДЫРОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ
Мүгедектерге арналған оңалту орталығы Бозарық шағынауданында орналасқан. Құрылыс 2024 жылдың желтоқсанында басталды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Инженерлік желілердің 90 пайызы бітіп тұр. Қалғаны – сыртқы әрлеу және абаттандыру жұмыстары. Жоспар бойынша нысанды жыл соңында пайдалануға береміз. Құрылыс қызған кезде мұнда 450–500 адам еңбек етті. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталуына байланысты 200 адам жұмыс істеп жатыр.
Мұнда білікті мамандар жүйке жүйесі, сезім мүшелері және тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтарды оңалтумен айналысады. Ем алушыларға физикалық, психологиялық және рухани тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Кешен құрамында үш қабатты оңалту корпусы, екі қабатты стационар, емдік-сауықтыру бассейні, спорт залы, 150 орындық акт залы және кең асхана қарастырылған. Сонымен қатар, келушілер дәрі-дәрмек қабылдап қана қоймай, арнайы залдарда оңалту жаттығуларын жасай алады.
АБЗАЛ МИТЕРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Орталық бірнеше корпустан тұрады. Атап айтқанда, емдік-сауықтыру бассейні, спорт залы, акт залы, жертөлесі бар үш қабатты оңалту корпусы, асхана және екі қабатты екі блоктан тұратын стационар корпустары бар. Сонымен қатар, аумақта гараж, қойма, қазандық, жылу жүйесі және электр қосалқы станциялары қарастырылған.
Құны 14 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобаның бүгінде 10 миллиард теңгесі игеріліп, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір нысанда ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс басқармасы мамандарының айтуынша, заманауи оңалту орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, халық игілігіне қызмет етеді.