Нарықтың ірі компаниялардың қолына шоғырлануы – экономиканың басты мәселелерінің бірі. Монополия бәсекені әлсіретіп, бағаның жоғары деңгейде сақталуына әсер етеді әрі шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда экономиканың әділетті әрі тиімді дамуы қиындай түседі. ЖСДП монополияға қарсы жүйелі саясат жүргізіп, экономиканың стратегиялық салаларын монополиядан арылтуды көздейді.
Бұл туралы ЖСДП Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы халықпен кездесу барысында айтты. Оның сөзінше, нарық бәсекеге ашық болуы тиіс. Ал мемлекет тұтынушыларға, кәсіпкерлерге және жалпы экономиканың дамуына кері әсерін тигізетін кез келген үстем жағдайдың жолын кесуге міндетті. Сондай-ақ ұлттық нарық пен елдің табиғи ресурстары есебінен жоғары табыс тауып отырған ірі бизнес мемлекет пен қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін толық орындауы қажет. Қуандық Нұржау – ҚР Құрылтайы депутаттығына үміткерлердің бірі. Жалпы ЖСДП Құрылтай сайлауына 30 үміткер ұсынып отыр. Үміткер өз бағдарламасында «Ескі Қазақстанның» келеңсіз тұстарын жойып, әділетті қоғам құруды мақсат ететінін жеткізді. Партияластары да Қуандық Нұржаудың кандидатурасы үшінші мегаполистің атынан сайлануға әбден лайық екенін айтты.
АЛМАСХАН ЕСБАЕВ, ЖСДП МҮШЕСІ
Нұржау Қуандық – біздің партияласымыз, депутаттыққа үміткер болып отыр. Біз оның сайлауалды бағдарламасын таныстыру үшін келдік. Тұрғындармен кездесу өткізіп, бағдарламамызды жан-жақты түсіндірдік. Кездесу өте жақсы өтті.