Бір күнде 200-ге жуық азаматтың өтініші тыңдалды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың көтерген мәселелері қаралып, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Президент жүктеген міндеттерді іске асыру аясында ұйымдастырылған қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Олар тұрғындардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сауран ауданы тұрғындарын сапасыз электр желісі мәселесі толғандырады.
ДІЛШАТ ТҰРСЫНБАЕВ, САУРАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бізде электр желілері жиі өшіп қалатын. Қазір әкімнің қабылдауына кірдік. Арнайы мамандарға тапсырма берді.
Ашық форматта өткен қоғамдық қабылдауда тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, жер қатынастары және инженерлік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Әрбір өтініш жеке қаралып, заң талаптарына сәйкес шешу жолдары талқыланды. Бірқатар мәселе қабылдау барысында оң шешімін тапса, күрделі мәселелер жауапты мемлекеттік органдардың бақылауына алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Линиялардың біразының тозығы жеткен. Ұлттық жоба аясында арнайы қаржы сұрап отырмыз. Арнайы мекеме өз атына несие алып, құны 130 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында көптеген желіні жаңғыртады.
Қабылдау барысында кейбір тұрғындар ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қатысты сын-ескертпелерін айтып, жауапкершілікті күшейту мәселесін көтерді. Облыс әкімі барлық өтініш пен айтылған ұсыныс жан-жақты зерделеніп, заң аясында тиісті шешім қабылданатынын айтты.