Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Өзекті тақырыптар мен келелі мәселелер талқыланған жиында бірнеше басқарма басшысы баяндама жасап, жартыжылдық жұмыстың қорытындысын ұсынды. Толығырақ тілшіміз Қанат Жолдасбектен.


Шымкентте жасанды интеллект жүйелері қарқынды дамып келеді. Соның бірі – инсультті анықтауға арналған CEREBRA жобасы. Жүйе компьютерлік томография кескіндерін санаулы секунд ішінде талдап, дәрігерлерге дерттің алғашқы белгілерін ерте анықтап, емді уақыт оздырмай бастауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мегаполисте жер асты құбырларындағы ақауларды жасанды интеллект көмегімен анықтайтын жүйе де іске қосылған. Соның арқасында мамандар асфальтты қазбай-ақ, ақау орнын жедел анықтай алады. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметкерлері жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енді полицейлер секілді бейнежетон тағып жүреді. Қауіп төнген жағдайда құрылғы арқылы дереу көмек шақырылады. Аталған жобалардың басым бөлігі әзірге еліміз бойынша тек Шымкентте жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы баяндама барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қалада жасанды интеллектті тегін меңгеруге мүмкіндік беретін арнайы оқу бағдарламасы іске қосылған.

МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Оқу барысында сіздерге әлемдегі ең үздік бағдарламалардың бірі ұсынылады. Сонымен қатар бізде “Әлем AI” платформасы бар. Сол жерде соңғы оқу бағдарламаларын меңгеріп, сертификат алуға болады.

Шымшаһарда жыл басынан бері 22 мыңнан астам тұрғынның жерге қатысты мәселелері оң шешімін тапқан. Бірі көптен күткен құжатына қол жеткізсе, енді бірі жерді жалға алу мерзімін ұзартқан. Сонымен қатар, тиісті құжаттары жоқ тұрғын үйлерді заңдастыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шаһарда заңсыз салынған 2 314 нысан анықталып, пайдалануға жарамсыз деп танылған 187 нысан сүрілген.

АЗАТ ИСЛАМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жыл басынан бері 56 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін қайтарылды.

Қоғамдық кеңес отырысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы да баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берді. Кеңес мүшелері баяндамашыларға түрлі сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.