Дипфейк пен жалған брокерлер. Ішкі істер министрлігі азаматтарды интернет-алаяқтықтан сақ болуға шақырады. Соңғы кезде елде түрлі жобаларға инвестиция салу және ақша енгізу сылтауымен жасалатын интернет-алаяқтық фактілері жиілеген.

Қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде дипфейк, яғни жасанды интеллектпен танымал тұлғалардың бейнелерін қолданып, түрлі инвестициялық жобалар мен қорларға қаражат салуға үгіттейді. Ал, жалған брокерлермен байланысқа шыққан кезде мобильді қосымшаларды орнатуды, сілтемелерге өтуді немесе ақшаны үшінші тұлғалардың шоттарына аударуды ұсынады. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, интернет-алаяқтыққа қатысты анықталған барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізілуде. Қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау, сондай-ақ алаяқтық интернет-ресурстар мен ақша қаражатын шығаруға арналған арналарды бұғаттау жөнінде шаралар қабылданып жатыр.

БЕЙБІТ БІРЖАНОВ, ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
Осыған байланысты киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды қырағы болуға және мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Кепілдендірілген табыс туралы ұсыныстарға сенбеу, белгісіз адамдарға және күмәнді шоттарға ақша аудармау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және тексерілмеген көздерден қосымшаларды орнатпау, компаниялар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік тізілімдер арқылы тексеру, инвестиция салуды жоспарлаған жағдайда инвестициялық нарықты зерделеп, тексерілген компаниялардың ресми кеңселеріне ғана жүгіну. Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай фактілер туралы ақпаратқа ие болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша ішкі істер органдарына немесе "102" арнасына дереу хабарласуыңызды сұраймыз.