Шымкент қаласының әкімі кезекті жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Алдымен 30 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Жаңа баспаналар мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.
Бұдан кейін қала әкімі ауыз су мен алкогольсіз сусын өндіруге маманданған «F&B Int.» ЖШС-нің өндірістік қызметімен танысты. Кәсіпорында 86 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмыс сапары барысында Алтын Орда шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған гүлзар мен балалар ойын алаңының жай-күйі де тексерілді. Мұнда көше жарықтары, орындықтар мен перголалар орнатылып, 200-ден астам жасыл желек егілген. Сонымен қатар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Сондай-ақ қала әкімі Желтоқсан көшесінде демеушілердің қолдауымен салынып жатқан қоғамдық кеңістіктің құрылысымен танысты. Жоба аясында аумақты көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, көше жарықтары мен орындықтарды орналастыру жұмыстары жүргізілуде.