Шымкенттік спортшы Дияр Аманәлі ел мерейін асырды. Ол Әзербайжанның Баку қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Балуанды туған жерінде жаттықтырушылары, жақын туыстары және жанашырлары сән-салтанатпен қарсы алды.
Грек-рим күресінен әлем чемпионы Дияр Аманәліні әуежайдан күтіп алуға келгендердің қарасы көп. Балуан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Әзербайжанның Баку қаласында өткен әлем чемпионатында үздік атанды.
БАТЫР ӨНДІРБЕКОВ, ӘКЕСІ
Эмоцияны айтып жеткізе алмаймыз. Тақымды қысып, анасы екеуміз дұғада отырдық. Бүкіл әлемді бағындырып, қазақ елін қуантып жатыр. Қазақ еліне чемпионымыз құтты болсын. Елдің азаматы болсын.
Ұшақтан алтын алқасы мен белбеуін асынып түскен чемпионды жанашырлары туған жерінде ерекше құрметпен қарсы алды. Дияр Аманәліге боз кілемдегі нағыз тектілігі пен қайсарлығы үшін демеушілер атынан тұлпар мінгізді.
Балуан әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Жерлесіміз Грекия, Ресей, Грузия және Болгария палуандарын шаң қаптырып, финалда Мажарстан өкілі Кеве Ковачты тізе бүктірді.
ДИЯР АМАНӘЛІ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Отбасым және барлық қазақ елі қуанып жытыр. Бірінші алғысымды бапкерлеріме, ата-анама айтамын. Мені күні-түні дайындады.Сезімді айтып жеткізу оңай емес, дайындалдық, қанша еңбек еттік, тер төктік. Екі дүркін әлем чемпионы боламыз, бұйыртса.
Айта кетейік, биылғы 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы күрес түрлерінен әлем чемпионатында 60-тан астам елден келген 700-ге жуық балуан бақ сынады. Бұл көрсеткіш әлем чемпионаттары тарихындағы ең көп қатысушы жиналған жарыс ретінде тіркелді.
ШЫМКЕНТТІК БАЛУАН ДИЯР АМАНӘЛІ – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ