Тың идеялар тоғысқан мекен. Шымкентте ашық аспан астында стартап жобалар байқауы өтті. Инновацияға құштар жастар бір алаңда жиналып, өз жобаларын сарапшылардың назарына ұсынып, болашақтың технологияларын таныстырды.
Жас өнертапқыштар Нұрсұлтан мен Нариман заңгерлердің жұмысын жеңілдетуге арналған цифрлық платформа ойлап тапқан. Олар қолданбаны әзірлеуге сегіз ай уақытын жұмсап, әрбір функцияны мұқият жетілдірген. Бағдарлама құқық саласындағы құжаттарды бір жүйеге біріктіріп, заңгерлердің уақытын үнемдейді.
НҰРСҰЛТАН МҰХТАРҰЛЫ, ҚАТЫСУШЫ
Қазіргі таңда заңгерлер өз уақытын заңды іздеуге құртады.Ал біздің жасанды интеллект олардың уақытын алмай, ол уақытты консультацияға жұмсауға мүмкіндік береді.Жүйеде Қазақстанның заң жобалары жасақталған.Қазіргі таңда біз жүзеге асырған бұл бағдарламаны 25 заңгер мен 3 халықаралық компания қолдануда.
Pitch Night ¬¬¬- тың бастамаларға жол ашатын, жас кәсіпкерлердің әлеуетін бағалайтын маңызды алаң. Додада үздік деп танылған жобалар келесі кезеңге өтсе, жеңімпаздар 600 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы алды.
ТИМУР ҚОЗЫКЕЕВ, «SHYMKENT HUB» ӨҢІРЛІК IT-ТЕХНОПАРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазіргі таңда бізге 50-ден астам заявка келді.Оның ішінен 12 жобаны іріктеп алдық. Жюрилерді әр түрлі саладан шақырдық.Сарапшылар жобаны сараптап, өз баллын қояды.Одан бөлек, серіктестіктеріміз келеді, пицца кеші болады, жалпы, экосистеманы дамытып жатырмыз.
Кеште ұсынылған тың бастамалар жастардың шығармашылық әлеуеті мен технологиялық мүмкіндіктерін айқын көрсетеді. Ал ұйымдастырушылар мұндай алаң шаһардың инновациялық әлеуетін арттырып, жаңа буын кәсіпкерлерінің қалыптасуына жол ашатынын айтады.