Наурыз айынан бері «Мөлдір бұлақ» экоакциясына 24 мың азамат қатысқан. Олар ел аумағындағы 94 бұлақ пен 62 су айдынын тазартты. Игі іс Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылында жалғасты. Елді мекен тұрғындары мен еріктілер бұлақтар мен өзен арналарын қоқыстан, арам шөптерден тазартты.
Экоакция барысында еріктілер, экобелсенділер мен мемлекеттік қызметкерлер жұмылып, су айдындарын тазартты. Олар өзен-көл жағалауында өскен арам шөптерді жұлып, қоқыс-қалдықтарды жинады.
Тұрғындардың айтуынша, экоакция табиғатқа деген жанашырлықтың үлгісі. Игі іске ауыл жастары да белсене қатысып, аға буынға қолғабыс жасады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидасын ұстанған ұйымшыл ауыл тұрғындары көзді ашып-жұмғанша бұлақ маңын тап-таза етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады. «Мөлдір бұлақ» экоакциясы тек Қазығұртта ғана емес, өңірдің барлық аудан, ауылдарында қолға алынған. Әрбір тұрғын экоакцияға өз үлесін қосып, табиғатқа жанашырлық танытып келеді.