«Ветеринариялық қызмет» мекемесі кенеге қарсы күрес шараларының екінші кезеңін бастады. Қора-жайлар мен буферлік аумақтарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде екі кезеңмен жүзеге асырылады.

Кенелер мен өзге де зиянкестердің көбеюіне жол бермеу мақсатында 18 дезинфектор маман мен 6 арнайы техника жұмылдырылған. Жоспарлы жұмыстар ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын, арнайы қора-жайы бар тұрғын үйлерде тегін жүргізіледі. Биылғы залалсыздандыру жұмыстары аясында 74 850 бас ірі қара мал бүркіліп, 77 660 бас уақ мал тоғытылады. Сондай-ақ 2 миллион 325 мың 750 шаршы метр қора-жай мен жапсарлас аумаққа, 2 миллион 311 мың 161 шаршы метр саябақтар мен гүлзарларға арнайы химиялық препараттар себіледі. Айта кетейік, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – адам өміріне қауіпті жұқпалы ауру. Ауру көбіне кене шаққанда немесе қанға тойған кененің қаны адамның зақымданған терісіне не шырышты қабатына тиген жағдайда жұғуы мүмкін.