Тоғыз жолдың торабында орналасқан«Арыс-2» теміржол вокзалы жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Заманауи талаптарға сай салынған нысан енді жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетеді. Аймақ басшысының орынбасары бұл жоба теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі екенін атап өтті.
ЕРКЕБҰЛАН ДАУЫЛБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде 5 теміржол қайта жаңғыртудан өтсе, республика бойынша 124 теміржолға қайта жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Тәулігіне 180 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген вокзал алдағы уақытта ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз.
Жаңарған вокзалда жолаушылардың жайлылығы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Ана мен бала бөлмесі, күту залы, электронды ақпараттық тақталар мен салқындату жүйесі орналасқан. Тәулігіне 300-ден астам жолаушыға қызмет көрсететін вокзал арқылы күніне орта есеппен 18 пойыз қатынайды. Оның екеуі халықаралық бағытта жол жүреді.
НҰРДӘУЛЕТ БАЙҒАЗИЕВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ ШЫМКЕНТ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Арыс теміржол станциясы сұрыптау станцияларының ішінде Қазақстан теміржолдарының ішінде бірінші орында.Тәуліктік вагондарды өңдеу бойынша алда келеміз. Бұл станцияда 2000-нан астам адам еңбек етеді, олардың балалары да осы жерде жұмыс істеп жатыр.
Көгілдір лентасы қиылған жаңа вокзал – өңірдің көлік әлеуетін арттырып, мыңдаған жолаушыға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды инфрақұрылымдық нысан. Айта кетейік, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайта жаңғырған 124-ші теміржол вокзалы.