Мегаполис маңындағы су айдындарына келіп демалушылар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Қарапайым сақтық шаралары қайғылы оқиғалардың алдын алады. Осы мақсатта «Қауіпсіздік азимуты» республикалық акциясы аясында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Мамандар шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану тәртібін түсіндіріп, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін еске салды.


Құтқарушылар арнайы техника мен авариялық-құтқару құрал-жабдықтарын таныстырып, су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, демалушыларға жадынамалар таратылып, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.


АСҚАР ШӘРІП, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
Шымкент қаласы ТЖД тарапынан 15 адамға айыппұл салынды. Жалпы көлемі 203 мың теңгені құрайды. Суға жүзу тәртібін бұзған жағдайда полиция қызметкерлері де демалушыларға айыппұл салуға уәкілетті.


Шымкент қаласында суға жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде тек 3 орында ғана суға шомылуға рұқсат етілген. Ал суға түсуге тыйым салынған 13 қауіпті орын анықталған. Қазіргі таңда олардың санын 31-ге дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Аталған аумақтарға барлығы 267 ескерту тақтайшасы орнатылған.


АЛТЫНАЙ ЖОРАЕВА, ЕРІКТІ

Шомылу кезеңі ашылғаннан бері біз түрлі іс-шараларға қатысып жүрміз. Осындай жерлерге келіп қауіпсіздік шараларын түсіндіріп кетеміз.


Департамент жанынан құрылған Әйелдер кеңесі де қауіптің алдын алу жұмыстарына белсенді қатысуда. Кеңес мүшелері тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, профилактикалық іс-шараларға тұрақты түрде атсалысады.


МӨЛДІР ҚУАНДЫҚОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИСПЕТЧЕРІ
ТЖД жанынан құралған әйелдер кеңесі бар. Біз барлық төтенеше жағдайлардың алдын алуға арналған іс-шараларға қатысамыз. Бүгін де суға шомылу қауіпсіздігі бойынша келіп тұрмыз.


Жалпы, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 148 рейд ұйымдастырылып, 16 481 тұрғын қамтылды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында 113 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 1700-ден астам оқушыға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.