ЗАҢГЕРЛЕР ХАЛЫҚҚА ТЕГІН КЕҢЕС БЕРДІ
Заңгерлер халыққа тегін кеңес берді. Шымкентте дәстүрлі «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті. Арбат саябағында ұйымдастырылған іс-шарада тұрғындар өзін толғандырған сан түрлі сауал бойынша кәсіби мамандардан кеңес алды. Онда заңгерлер, адвокаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері халыққа тегін құқықтық көмек көрсетті.
Акция халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, тұрғындардың мәселелерін шешуге және тегін заң көмегін көрсетуге бағытталған. Іс-шара барысында жетекші адвокаттар, заңгерлер және мемлекеттік органдардың басшылары 300-ден астам қала тұрғынына тегін заңгерлік кеңес берді. Ашық аспан астында өткен кездесуде тұрғындар жер, тұрғын үй, алимент өндіру, жол, инфрақұрылым және жеке банк шоттарының бұғатталуы сияқты өзекті мәселелер бойынша мамандардың көмегіне жүгінді. Акцияны ұйымдастырушылар көптеген азаматтың заңды толық білмейтіндіктен, өз құқықтарын толық пайдалана алмайтынын айтады. Сондықтан мұндай науқанның халыққа берері мол екенін жеткізді.
АСҚАР БЕКБАУОВ, ҚАЛАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ ЗАҢ КОНСУЛЬТАЦИЯСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Іс-шара қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Адвокат ретінде айтарым бізде 90 пайыз жұмыс ақылы болып табылады. Адвокаттар, жеке дара адвокаттар, адвокаттық кеңсе бар соның барлығы ақылы түрде қызмет жасайды. Тек қана осал топтағы мүгедектер бар, көп балалы аналар бар, алимент бағытындағы тегін заң көмегі көрсетіледі. Бүгінгі іс-шара барлық қала тұрғындарына үлкен мүмкіндік. Келіп тегін кеңес алып, заң көмегін алып, тегін консультация алуына біз үлес қосып жатырмыз.