ШЫМКЕНТТІКТЕР КІТАПТЫ ЕРЕКШЕ ФОРМАТТА ОҚИДЫ
Шымкенттіктер кітапты ерекше форматта оқиды. Олар оқыған шығармаларын ортаға салып, мән-мазмұнын талдайды. Оқиға желісі негізінде дайындалған сауалдарға жауап беріп, білім деңгейлерін көрсетеді.
Жыл басынан бері «Кітап TIME» жобасының төрт отырысы өтті. Оқырмандар қазақ әдебиетінің классикалық жауһарларын талдап, өзара сынға түсіп келеді. Кезекті талқылауға құрамында бес мүшесі бар 10 команда қатысты. Олар Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романын оқып, тарихи шығарма жөнінде пікір білдірді.
БЕКЗАТ САТЫБАЛДЫҰЛЫ, №135 ЖОББМ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазір ұстаздар еңбек демалысында. Еңбек демалысым өнімді өтіп жатыр деп мақтана айта аламын.»
Жобаның мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру. Жоба аясында айына екі рет әдеби кездесу ұйымдастырылып, қатысушылар оқыған шығармалары бойынша өзара пікір алмасады.
ӘКІМЖАН ӘБДӘКІМОВ, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Жастарды кітап оқуға баулу мақсатында қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан шара. Алдағы уақытта Дулат Исабековтің шығармасын оқимыз.»
Оқырмандар бұған дейін Құлбек Ергөбектің Өзбекәлі Жәнібеков жайындағы зерттеу еңбегін, Григорий Петровтың «Ақ лалагүлдер мекені» шығармасын және Дулат Исабековтің «Қарғын» романын оқыған. Алдағы уақытта Қарауылбек Қазиевтің «Ақ шуақ», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы», Төлен Әбдіктің «Оң қол», Әбіш Кекілбайұлының «Махаббат мұнарасы» шығармаларын оқу жоспарланып отыр.