МЕКТЕПТЕРДЕ БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРЕДІ
Бастауыштағы бағалау жүйесі өзгереді. Келесі оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары БЖБ мен ТЖБ тапсырмайды. Енді олардың білімі дәстүрлі бағалау тәсілдері арқылы сараланады. Бұл – бағалау жүйесіндегі кезекті өзгеріс. Жаңашылдық білім жүйесіне қалай әсер етеді?
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Елімізде 1 қыркүйектен бастап 1-4-сынып оқушылары бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, мұндай шешім бір күнде қабылданған жоқ. Оған бастауыштағы бағалау жүйесіне жүргізілген кешенді талдау негіз болған. Ата-аналардың ұсыныстары мен педагогтердің пікіріне сүйенген Министрлік оқушылардың жас ерекшеліктерін жан-жақты зерделеген. Нәтижесінде қазіргі жүйе балаларға эмоциялық жүктеме түсіретіні анықталған. Енді жиынтық бағалаулардың орнын не басады? Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларының білімі диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары, практикалық және шығармашылық тапсырмалар арқылы бағаланады. Яғни, мұғалім баланың оқу барысында қалыптасқан білімі мен дағдысына назар аударады. Ал бұған дейін Оқу-ағарту министрі қазіргі жүйенің негізгі кемшілігін де атап өткен еді. Оның айтуынша, тоқсан бойы жақсы оқыған оқушы қорытынды жиынтық бағалаудан төмен балл алса, тоқсандық бағасы да төмендеп кететін жайттар жиі кездеседі. Ал жаңа тәсіл осындай олқылықтарды жояды.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ
Бастауышта мысалы тек қана 2-сыныпты алатын болса, БЖБ мен ТЖБ ортақ саны 54 екен.Сол бастауыштың ұстазы бір жыл бойы төрт мыңға жуық кәдімгі ақ парақты жұмсайды екен.Ал оны тексеру 112 сағатты құрайды.Ал біз қазір балалар бақылауды, диктантты өздері жазатын жүйені қайта қолға алып жатырмыз.