Негізгі Жаңалықтар «ШЫМҚАЛА КЕШТЕРІ» КӨЛ САЯБАҒЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

«ШЫМҚАЛА КЕШТЕРІ» КӨЛ САЯБАҒЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Мегаполистің мәдени өмірін жандандырған «Шымқала кештері» жобасы жалғасуда. Кезекті ашық аспан астындағы мәдени кеш «Көл» саябағында ұйымдастырылды. Онда «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына әсем әндерін тарту етіп, ұмытылмас кеш сыйлады.


«Шымқала кештері» бүгінде тұрғындар мен қала қонақтарының ең сүйікті, асыға күтетін жобаларының біріне айналды. Жазғы кеште ашық аспан астында шырқалған әсем әуен мен жанды дауыс халықтың өнерге, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып келеді. Бұл жоба тұрғындардың бос уақытын отбасымен, жақындарымен бірге тиімді әрі көңілді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр.


МАРАТ ЖЫЛҚЫБАЕВ, САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Біз кешкі серуенге шығып, концерт болатынын естіп, немерелерімізді ертіп келдік. Қазір қалада күн ыстық болғандықтан, кешкі салқында таза ауа жұтып, концерт тыңдап, көңіл көтеріп қайтайық деген ойымыз бар. Өзіміз Сайрам ауданындағы Ошақты ауылынанбыз.


Жоба қолға алынғалы бері «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары тұрғындарға мазмұнды демалыс сыйлап, қаладағы мәдени және қоғамдық өмірдің жандануына үлес қосып келеді.


 БЕРДИЯР ПАЙЫЗ, «ШЫМКЕНТ КОНЦЕРТ» КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНЫҢ ӘНШІСІ
«Шымқала кештері» концерттері әр апта сайын сенбі-жексенбі күндері ұйымдастырылып келеді. Алдағы уақытта да концерттер демалыс аймақтарында, аллеяларда және қаланың түрлі аумақтарында жалғасын табады.


Ән мен өнер арқылы тұрғындарды біріктірген бұл кеш қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып, Шымкенттің мәдени өміріндегі дәстүрлі әрі көпшілік асыға күтетін мәдени шаралардың біріне айналып келеді.

Бөлісу