ҚАЗАҚСТАНДА НЕСИЕ БЕРУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРУІ МҮМКІН
Қазақстанда алдағы уақытта несие алу қиындауы мүмкін. Ұлттық банк қарызы көп азаматтарға жаңа несие беруді шектейтін тетік енгізуді қарастырып жатыр. Әзірге жаңа талаптар күшіне енген жоқ. Алайда реттеуші бұл бастамадан толық бас тартқан жоқ.
Ұлттық банкте қарыз алушылардың борыш жүктемесін бақылауға арналған жаңа тетік – қарыздың табысқа арақатынасы коэффициентін енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Ұлттық банктің мәліметінше, әзірге бұл тетікті енгізу немесе банктерге міндетті шектеу қою туралы шешім қабылданған жоқ. Бастапқыда аталған коэффициентті әуелі 1 шілдеден, кейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда қазір Ұлттық банк бұл мерзімдерді растап отырған жоқ. Бұған дейін қабылданған шаралар тұтынушылық несиенің өсу қарқынын баяулатуға мүмкіндік берген. Олардың қатарында кейбір несие түрлерін рәсімдеу кезінде жұбайының келісімін алу, төлем мерзімін 90 күннен артық өткізіп алған азаматтарға жаңа қарыз беруге шектеу қою, сондай-ақ жас қарыз алушылардың алғашқы несиесін банкке өзі барып рәсімдеуі туралы талап бар. Соған қарамастан, Ұлттық банк болашақта бұл мәселеге қайта оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.