Негізгі Жаңалықтар ҚАЛА ӘКІМІ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

ҚАЛА ӘКІМІ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков демалыс күндері қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мекемелердің тыныс-тіршілігін бағамдады.


 Әкім алдымен Тұран-2 шағынауданындағы өрт сөндіру депосына барды. Жаңа нысан өрт пен өзге де төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын қысқартып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңындағы дайындық жұмыстары аяқталуға жақын қалған «KAZGASA College Shymkent» колледжінде болды. Биыл салынған ғимарат екі ауысымда 1 350 студентті қабылдауға арналған. Мұнда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярланады. Одан кейін шаһар басшысы өткен жылы күрделі жөндеуден өткен «Ақжар» су қоймасында болып, нысанның қауіпсіз пайдаланылуы, сенімді жұмыс істеуі және су тасқынының алдын алу мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау қорытындысы бойынша кәріз желілері құрылысының басталу барысын тексерді. Жоба тұрғындармен өткен көшпелі кездесулер барысында көтерілген өтініштер негізінде жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін орталықтандырылған кәріз жүйесіне шамамен 1 000 абонент қосылады. Қала әкімі Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, оны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.


Бөлісу