МЕФЕДРОННЫҢ ІРІ ПАРТИЯСЫ ТӘРКІЛЕНДІ
Шымкентте мефедронның ірі партиясы тәркіленді. Күдікті ретінде ерлі-зайыпты ұсталды. Полиция мәліметінше, Қарағанды қаласының 48 жастағы тұрғыны мен оның 37 жастағы жұбайы жеке автокөлікпен синтетикалық есірткінің ірі партияларын Алматыдан Шымкент қаласына жеткізген. Әрі қарай оларды еліміздің оңтүстік өңірінде таратпақ болған.
Автокөлікті тексеру кезінде жүксалғыштан жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған төрт орама табылды.Ұсталғандардың телефондарын тексеру барысында интернет-есірткі дүкенінің кураторымен жазысқан хат-хабарлары анықталды. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар. Жауап алу барысында күдіктілер кінәларын толық мойындады.
ҚУАНДЫҚ ӘЛЖАНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның каннабис тобына жататын есірткі заттарын пайдаланғаны расталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жолы кесілген әрбір есірткі өткізу арнасы – дер кезінде тоқтатылған қауіп және ең алдымен жастарды есірткінің жойқын әсерінен қорғау. Ішкі істер министрлігі есірткі желілерінің қызметін олардың жасырыну тәсілдеріне қарамастан, мейлі көшеде болсын, мейлі цифрлық кеңістікте болсын, қатаң әрі дәйекті түрде тоқтату жұмысын жалғастырады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.