Негізгі Жаңалықтар ТАЗАЛЫҚТЫ БҰЗҒАНДАР ЖАЗАЛАНДЫ

ТАЗАЛЫҚТЫ БҰЗҒАНДАР ЖАЗАЛАНДЫ

Жыл басынан бері Түркістан облысында тазалық талаптарын бұзғандарға 180 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 4 989 әкімшілік хаттама толтырылып, 147,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 95,6 млн теңгесі өндірілді. Сондай-ақ Кодекстің 505-бабы бойынша 6 453 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 33,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Оның 26,3 млн теңгесі өндірілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппарат отырысында мәлім болды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Аппарат отырысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы есеп тыңдалды. Мәліметке сәйкес, TazaQazBot Telegram чат-боты арқылы келіп түскен өтініштер саны 1 736-ға жетіп, олардың барлығы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктері тарапынан Кодекстің 505-бабы бойынша 3 294 хаттама толтырылып, 18,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда оның 10,8 млн теңгесі өндірілген.

Бөлісу