Негізгі Жаңалықтар ПРОКУРОРЛАР ЖҮРГІЗУШІЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ПРОКУРОРЛАР ЖҮРГІЗУШІЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Жол қозғалысы ережелерін сақтау – қайғылы оқиғалардың алдын алудың басты кепілі. Жыл басынан бері бір ғана Еңбекші ауданында 103 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты аудан прокурорлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстарды бастады. Әсіресе өз өмірімен қатар, көптеген адамның қауіпсіздігіне жауапты қоғамдық көлік жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.


Миллионнан астам тұрғыны бар қалада қоғамдық көліктердің қатысуымен де жол-көлік оқиғалары тіркеліп тұрады. Жыл басынан бері Еңбекші ауданында болған жол-көлік оқиғаларының жетеуі қоғамдық көліктің қатысуымен орын алған. Сондықтан құзырлы орган өкілдері қаладағы автобус парктерін аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізуде.


 ШЫҢҒЫСХАН МОШҚАЛОВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
 Еңбекші ауданы прокуратурасының бастамасымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауына қатысты профилактикалық түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


 «SHYMKENT BUS» ЖШС-де 546 автобус бар. Соның 450-і күн сайын таңғы сағат 04:30-дан кешкі 22:00-ге дейін жолаушы тасымалдайды. Мекемеде техникалық және жол қауіпсіздігіне жауапты арнайы мамандар жұмыс істейді. Олар да күнделікті жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізеді.


ҚУАНТАЙ СӘРСЕНОВ, «SHYMKENT BUS» ЖШС БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
 Бізде арнайы жол қауіпсіздігі бөлімі бар. Онда төрт қызметкер жұмыс істейді. Олар жол-көлік оқиғалары болған жағдайда оқиға орнына шығады. Сондай-ақ арнайы жөндеу аймағы бар. Онда 70–80 адам жұмыс істейді.


Құзырлы орган қызметкерлері «Радуга транспорт» ЖШС-не де арнайы барып, қызметкерлермен жүздесті. Олар жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық көлік жүргізудің өзіндік қиындықтары да бар.


САМАТ СҮЛЕЕВ, ЖҮРГІЗУШІ
 Барынша тәртіпті сақтаймыз. Қоғамдық көлік жүргізгеннен кейін жауапкершілік жоғары. Қаншама адамның өмірі мен денсаулығына жауаптымыз. Кейде жеңіл көліктер аялдамаға тоқтап қояды. Сол кезде кіріп-шығуымыз қиындайды.


 Сақтықта қорлық жоқ. Қарапайым қағидаларды сақтау қайғылы оқиғалардың алдын алады. Еңбекші ауданында жыл басынан бері 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 6 адам қаза тапқан.


Бөлісу