Негізгі Жаңалықтар НЕСИЕ ЖҮГІ

НЕСИЕ ЖҮГІ

Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі шамамен 23 трлн теңгеге жуық. Азаматтар несиені қандай мақсатқа алады? Егер қарыз алушы жұмыссыз қалып, төлем қабілетінен айырылса, не істеуі қажет? Борышкер өзін қандай жағдайда банкрот деп жариялай алады? Бұл мәселені Қанат Жолдасбек зерттеп көрді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Қазақстандықтардың 72,7 пайызының несиесі бар. Банк алдындағы берешек шамамен 23 трлн теңгеге жуық. Қарызға алынған қаржы көбіне тұрмыстық техника мен автокөлік сатып алуға, ипотека рәсімдеуге, тұрғын үйді жөндеуге және бизнесті дамытуға жұмсалады. Той-томалаққа несие алатындар да бар.


– «Ремонтқа керек болатын шығар, келін түсіремін, қыз ұзатамын деп алатын шығар. Әркімде әртүрлі жағдай.»
 – «Несие алмаймын да, алмағанмын да, жоламаймын.»
– «Жинап-жинап болса да, қолма-қол ақшаға алғанды ұнатамын.»
 – «Несие жетеді, бар.»
– «Қажет болған соң алады ғой. Пайызына да көнеді. Амал жоқ, тіршілік істеу керек.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Заңгердің айтуынша, қарыз алушы аяқасты қайтыс болса, несиесі мұрагеріне өтеді. Алайда мұрагер берешекті өзіне мұраға қалған мүліктің құны шегінде ғана өтейді. Яғни мұра сомасы 15 млн теңге, ал қарыз көлемі 20 млн теңге болса, мұрагер 15 млн теңгені ғана өтейді. Егер сақтандыру компаниясымен тиісті келісім жасалған болса, қарыздың бір бөлігін сақтандыру компаниясы өтейді. Ал аяқасты жұмыссыз қалған немесе әскерге шақырылған азаматтың несиесі кешірілмейді, бірақ төлем мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін. Ол үшін борышкер банкке барып, келісімшарт жасауы қажет.


 ЕРБОЛ ҚОЖАБЕКОВ, ЗАҢГЕР
– «Көшеде кетіп бара жатқан жерінен әскерге алып кетіп қалып жатады.»«Оның артында несиесі бар.»  «Ол өзінің сенімді өкілдеріне…» «Сенімхат бере алады. Сенімхат алған сенімді өкіл банкке барып, келісімшарт жасауы қажет.»


2023 жылы Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдады. Оған төлем қабілеті жеткіліксіз азаматтар өтініш бере алады. Банкрот деп танылған азаматқа алдағы бес жыл бойы несие рәсімделмейді.


 ҚАЗЫБЕК ИСА, «АҚ ЖОЛ» ҚДП ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «5 млн-ға дейінгі қарызы бар, бірақ төлей алмайтын азаматтар талап етілген құжаттарды ұсыну арқылы 5 млн-ға дейінгі қарызын кешіре алады.»
КСМ: Қарыздың қайтарымы болуы тиіс. Егер борышкер төлемді ұзақ уақыт өтемесе, іс жеке сот орындаушысына беріледі.


ДӘУРЕН ҚАЙРАТҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
 – «Жеке сот орындаушысына өткен соң есепшоты бұғатталады, шетелге шығуына шектеу қойылады. Жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынады. Сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.»


Сарапшылар қаржылық сауаттылықты арттыру қажет екенін айтады. Несиені орынсыз алып, ретсіз жұмсау тығырыққа тірейді. Сондықтан қарыз аларда оны уақытында өтеу қажеттігін де естен шығармаған жөн.


Бөлісу