Негізгі Жаңалықтар ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында өткен жылыту маусымы апатты жағдайларсыз өтті. Бұл, әрине, қол қусырып отыруға болады дегенді білдірмейді. Қыс қамын жаз ойлаған өңірде жылыту маусымына дайындық жұмыстары жылдағыдан ерте басталды. Жауапты сала мамандары 3 мыңнан астам нысанды алдағы маусымға дайындап жатыр.


Түркістан облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және жұмыспен қамту нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлерде дайындық қызу.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жылу желілерін жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін аяқтауды, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына 20 қыркүйекке дейін толық дайындауды тапсырамын. Жергілікті штабтар автономды қазандықтардың дайындығы мен тұрғындарға қажетті көмірдің жеткізілуін тұрақты бақылауға алсын. Білім беру нысандарының жылыту маусымына дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етіңіздер. Газ жеткізілген елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың қазандықтарын табиғи газға кезең-кезеңімен көшіру жұмыстарын жандандырып, жылумен жабдықтау қондырғылары мен жылу желілерін цифрландыру жұмыстарын үйлестіріңіздер. Сондай-ақ тұрғындарға жеткізілетін отынның сапасына ерекше назар аударуды тапсырамын.


 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, апатты жағдайлар тіркелген жоқ. Бүгінде жылу-энергетикалық кешендерді қамтамасыз ету үшін 92,1 мың тонна көмір, 20 мың литр дизель отыны, 7,9 мың тонна мазут және 27 млн 627 мың текше метр газ сатып алуға келісімшарттар жасалып, төлемдерді уақытылы жүргізу жұмыстары қолға алынған.


ТОҚТАР УСУБАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Кентау қаласында бір магистралдық және үш кезеңнен тұратын ішкі орамдық жылу желілерін қайта жаңғырту, сондай-ақ №5 жылу электр орталығында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан қаласында 1,2 шақырым ішкі орамдық жылу желілерін қайта жаңғыртуға қаржы бөлініп, бүгінгі таңда оның 650 метрі монтаждалды. Созақ ауданындағы Таукент елді мекенінде екі қазандықты монтаждау жұмыстары аяқталу сатысында. Ал Қыземшек елді мекенінде 3,4 шақырым жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып, оның 2 шақырымында жұмыстар аяқталған.


Түркістан облысында көмірге деген сұраныс 70,8 мың тоннаға азайып, қазіргі қажеттілік көлемі 535,6 мың тоннаны құрап отыр. Биыл өңірдегі қосымша 34 елді мекен табиғи газбен қамтылып, нәтижесінде қатты отынға деген қажеттілік шамамен 40 мың тоннаға төмендейді деп күтілуде. Айта кетейік, облыс аумағында жылумен қамтамасыз етуге арналған 1 жылу-энергетикалық кешен, 34 орталықтандырылған қазандық және бюджеттік мекемелерге тиесілі 2 210 автономды қазандық жұмыс істейді.

Бөлісу