КОЛЛЕДЖДЕР ЖАҢҒЫРАДЫ
Колледждердегі кәсіптік білім беру сапасын арттыру – басты назарда. Инфрақұрылымды жаңғырту және түлектерді мамандығына сай жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Салаға қатысты мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды.
Өңірде 50 колледж тұрақты жұмыс істейді. Оның 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік. Колледждерде 84 мамандық бойынша 39 299 студент білім алуда. Арнайы мониторинг нәтижесіне сәйкес, колледждерге бірқатар цифрлық платформаларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беретін 46 колледж жоспарлы мониторингпен қамтылған.
ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Мемлекеттік 25 колледждің 20-сында жүйе жұмыс істеп тұр. Face ID жүйесі енгізілген. Кентау көпсалалы колледжі мен №7 колледжде интеграциялау жұмыстары жүзеге асырылуда.
Жиын барысында өңір басшысы қаржылық тәртіпті күшейту, сатып алу тәуекелдерін азайту және цифрлық деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша салаға жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ көтерілген мәселелердің сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс екенін ескертті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жұмысын тұрақты бақылауға алуды тапсырамын. Колледж түлектерін тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз ету қажет.
Айта кетейік, колледждерді басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, сенімгерлік басқаруға берілген колледждердің инвестициялық міндеттемелеріне кешенді талдау жүргізу, Face ID және ЖСН арқылы цифрлық сәйкестендіру жүйесін жетілдіру, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін басқарушылық дашборд қалыптастыру, сондай-ақ түлектерді жұмыспен қамту көрсеткішін арттыру және білікті кадрлар даярлау жұмыстарын тұрақты жалғастыру жоспарланып отыр.