ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ ПӘТЕР БЕРІЛДІ
Баспана мәселесі күн тәртібінен түспеген өзекті әлеуметтік тақырыптың бірі. Себебі, қалада халық көбейген сайын тұрғын үйге деген сұраныс артып келеді. Бірі жылдар бойы кезекте тұрса, енді бірі алғашқы жарна жинап, тұрғын үйге қол жеткізуді қалайды. Ал мәселені бір жолға қою үшін шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы бүгінгі өткен брифинг барысында тұрғын үй басқармасының басшысы баяндады.
Күн сайын көркейіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан мегаполисте тұрғын үй саясаты тың серпін алды. Жаңа үйлер бой көтеріп, әлеуметтік қолдау тетіктері жетілдірілді. Қазір қала бойынша тұрғын үй кезегінде 96 мыңнан астам азамат тіркелген. Жауаптылар биыл жыл соңына дейін 7 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Биыл жыл соңына дейін тұрғын үй алу тізімінде тіркелген жалпы 7 386 пәтермен қамту жоспарлануда.Оның ішінде жалдамалы 2 818 пәтер, несиелік бағытта 4568 пәтер. Бүгінге дейін қала тұрғындарына жалпы саны 2 865 пәтер кілті табысталды. 1 800 отбасы несиелік пәтерге ие болса, 1065 отбасы жалдамалы үйлі болды.
Алғашқы жарнаны жинап, жылдар бойы арман еткен баспанаға қол жеткізу-әсіресе жастар үшін маңызды мәселе. Бұл бағытта шаһарда жеңілдетілген несие беру, тұрғын үй сертификаттары арқылы қолдау көрсету тетіктері қарастырылған.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Жұмыссыз жастарды пәтермен қамту үшіш арнайы бағдарламалар қарастырылған. «Қамқор» бағдарламасы бойынша 500-ден астам отбасы несиелік бағыттағы пәтермен қамтылған.
Саладағы негізгі жұмыстар жаңа нысандар салумен шектелмейтіні анық. Қазір қолданыстағы баспаналарды жаңғырту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Шаһарда көпқабатты үйлер жөндеуден өтіп, тозығы жеткен лифтілер ауыстырылап жатыр. Газ қауіпсіздігі мен инженерлік жүйелердің жай күйі де қатаң бақылауда. Ал басқарма басшысы халықты баспанамен қамту жұмысы жалғасатынын жеткізді.