ҚАЛА ӘКІМІ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Шымкенттіктер қыста жаурамайды. Мегаполисте жылыту маусымына дайындық жұмысы жылдағыдан ерте басталды. «Қуат жылу орталығының» мамандары тозығы жеткен құбырларды ауыстырып жатыр. Сондай-ақ шеткі елдімекендерде жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар шаһар басшысы Ғабит Сыздыққбековтың тікелей бақылауында.
Мегаполис басшысы алдымен Отырар шағынауданындағы жылу желілерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Жылыту маусымына дайындық аясында қалада жалпы ұзындығы 18,5 шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Енді қазылған жерді нығыздау, жол жабындысын қалпына келтіру және оған іргелес аумақтарды ретке келтіру жұмысы жүргізіледі. Оданг соң Ғабит Сыздықбеков Исраилов көшесі мен Қарабастау шағынауданындағы жол құрылысы жұмыстарын тексерді. Мердігер ұйымдарға атқарылып жатқан жұмыстың сапасын қадағалап, белгіленген мерзімде аяқталуын тапсырды. Қаланы аралау кезінде әкім «Су ресурстары – Маркетинг» серіктестігі жүзеге асырып жатқан сұйық тұрмыстық қалдықтарды қабылдау станциясының құрылысымен танысты. Нысан орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлер мен өзге де нысандардан келетін ағынды суларды қабылдап, кейін оларды тазарту құрылыстарына жеткізуге арналған. Жоба қаланың су бұру жүйесінің сенімділігін арттыруға және санитарлық-экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.