Негізгі Жаңалықтар КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Кентау қаласының экономикасы тұрақты даму жолына түсті. Өнеркәсіпті жандандыру, жаңа инвестиция тарту және шағын мен орта бизнесті қолдау — өңір дамуының басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді.


Қалада жаңа өндіріс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы мен өңдеу салалары жоғары нәтиже көрсетуде. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға жол ашады. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 43,5 млрд теңгеге жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,3 млрд теңгені құрады. Аймаққа тартылған инвестициялар көлемі 117 пайызды құрап отыр. Ал  өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 26,2 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 114,8 пайызды құрайды. Оның ішінде мал шаруашылығының көлемі – 117,7 пайыз, ал өсімдік шаруашылығы – 100 пайыз орындалған.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Кентау қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде де оң өсім байқалады. Өткен кездесуде сіздердің тараптан 26 мәселе көтерілген болатын, бүгінде оның 18-і орындалып, қалған 4-еуін кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындардың талап-тілектері жіті қадағалауымда, әр мәселені заң шеңберінде қарастыру жұмыстары ұдайы жалғасады. Жалпы Кентау қаласының өндірістік әлеуеті жоғары, алдағы уақытта да халықтың тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қаланы көркейту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, — деген облыс басшысы әр саланың жауапты тұлғаларына нақты міндеттер жүктеді.


Мәжіліс соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда елді мекендерді газбен қамту, жол жөндеу, инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй және жер мәселелері көтерілді. Олардың кейбірі толық орындалса, қалған түйткілдер төңірегінде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі қашан да қолдау табатынын жеткізді.


Бөлісу