Негізгі Жаңалықтар ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ

Жанкүйерлер әужайдан әлем чемпионатының жүлдегерін күтіп алды. Еркін күрестен жасөспірімдер арасында Әзірбайжанның Баку қаласында өткен жаһан біріншілігінде Шымкенттік Мардан Орынбасар қола медаль еншіледі. Жерлестер елге жеңіс сыйлаған балуанға құрмет көрсетіп, қолдау білдірді.

Мардан алғашқы белдесуін Үндістандық спортшыға қарсы өткізіп, жарыс жолын сәтсіз бастады. Алайда, намысын отқа жаныған ол жұбаныш белдесуде дес бермей, қатарынан үш балуанды тізе бүктірді. Соңғы сында қолынан жарақат алып, қатардан шығып қала жаздады. Бірақ, азуын айға білеген намысты ер ел абыройы үшін соңына дейін тіресіп, Гүржі балуанын жеңіп шықты.  

МАРДАН ОРЫНБАСАР, ЕРКІН КҮРЕСТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ
 – «Алтынға ниеттеніп барғанбыз. Бұйырғаны осы болды.» «Барлық мемелекет бірінші номірлі балуандарын алып келген. Бұйырса, алдағы қарсыластарым солар.»

Мамандар, халықаралық дода Мардан үшін зор тәжірибе болғанын айтады. Сен тұр, мен атайындар жиналған бәсекеде жас спортшы шеберлік ұштап, біліктілік арттырды. Болашақ қарсыластарын зерттеп, аңдысын аңдыды. Кеткен есені ересектер арасында еселеп қайтарып, қоланы алтынға айырбастарына сенім мол.

ЕРМЕК ДАРМЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Жаттығу процессі жетіліп келеді. Соның арқасында балуандарымыз жақсы нәтижелерге қол жетізіп келеді.»

Спортшыны күтіп алу салтанатына күрес жанкүйерлері жиылды. Басқарма өкілдері балуанның ата-анасына алғыс айтып, Марданға сәттілік тіледі.

Бөлісу