Негізгі Жаңалықтар ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰМЫТ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК

ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰМЫТ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК

Ұлттық өнер ұмыт қалмауы керек! Мегаполистегі  Creative Hub-та ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған қолөнер тағы да дәріптелді. Бұл жолы ерекше өнерге  қызығушылық танытқан жастар бас қосты. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-дің Мәдениет және өнер факультетінің оқытушысы Гүлнар Жолдасбекова шеберлік сағатын өткізді.

 Шебер «Киізден сырмақ тігу технологиясы» бойынша шеберлік сағатын өткізіп, қатысушыларға қазақтың дәстүрлі өнерінің ерекшеліктерін таныстырды. Текеметтегі әр ою-өнектің мән мағынасын түсіндірді.  Ерекше өнерге қызыққан  Аяулым Мықтыбек мұндай сабақтар ұлттық өнерді үйренуге үлкен мүмкіндік беретінін айтады.

АЯУЛЫМ МЫҚТЫБЕК, СТУДЕНТ
Қазықтың салт дәстүріндегі ою-өрнектің мәнін, әрбір өрнектің мағынасын түсіндірді. Біз қазір текеметті қалай тігу керек екенін үйреніп отырмыз.

Шеберлігімен жастарды тәнті еткен Гүлнар Жолдасбекованың бұл өнерге деген қызығушылығы бала  кезінен  басталған. Текеметке ою түсіруді алғашқы рет анасын үйренген. Университетте 32  жылдан бері еңбек етіп келеді. Соңғы бірнеше жылдан бері сәндік-қолданбалы өнер мамандығында дәріс беріп, студенттерді ұлттық қолөнерге баулып  жүр.

 ГҮЛНАР ЖОЛДАСБЕКОВА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ  ОҚЫТУШЫСЫ
 Бұл енді болашақ жастарымыздың рухани дамып өсуіне өте қажет деп ойлаймын. Себебі ұлттық өнердің құндылықтарын қазіргі жастар біле бермейді.

 Шеберлік сағатына келген жастар Қазақтың ою-өрнектерінің мәні мен ерекшелігі туралы да мағлұмат алды. Қатысушылар сырмақ жасаудың негізгі кезеңдерімен танысты. Олар ою-өрнек таңдауды, үлгіні киізге түсіруді, бөлшектерді қиып, жапсыруды және қолмен сыру тәсілдерін тәжірибе жүзінде үйренді.

Бөлісу