«ОҢТҮСТІКТІҢ ОТЫ, ӨНДІРІСТІҢ ҚУАТЫ» АТТЫ RESPUBLICA ПАРТИЯСЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
Шымкент қаласында «Оңтүстіктің оты, өндірістің қуаты» атты ірі форум өткізді. Іс-шара барысында партия өкілдері жергілікті еңбек ұжымдарымен, кәсіпорындар мен «ReJastary» жастар қанатымен кездесіп, отандық өндірісті дамыту мәселелерін талқылады.
Форумда партияның тең төрағалары, Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен республикалық штаб мүшелері сөз сөйлеп, Respublica-ның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарды таныстырды. Атап айтқанда, отандық өндірушілерді қорғау, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайту, жаңа жұмыс орындарын құру, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, сапалы білім мен қолжетімді медицинаны қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қозғалды. Спикерлер соңғы үш жылда партия көтерген және жүзеге асқан бастамаларға тоқталып, вейптерге толық тыйым салу, әскери қызметін өтеген жастарға ҰБТ тапсырмай мемлекеттік грантқа түсу мүмкіндігі, құмар ойындарды жарнамалауға шектеу енгізу, студенттік жатақханалар салу және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытындағы заңнамалық өзгерістер туралы айтты.