Негізгі Жаңалықтар ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ: ДӘСТҮР МЕН ДАРЫН ТОҒЫСҚАН ДОДА

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ: ДӘСТҮР МЕН ДАРЫН ТОҒЫСҚАН ДОДА

Тарихы тереңге тамыр тартқан тоғызқұмалақ бүгінде жастардың сүйікті зияткерлік спортына айналды. Ұлттық ойынның абыройы артып, тіпті, бұл спорт түрі әлемдік аренаға шықты. Бүгін Шымкентте Абай күніне орай тоғызқұмалақтан қалалық чемпионат өтті. Тартысты өткен ойында қатысушылар шеберлігін танытып, дайындығын көрсетті.


Ұлттық ойынның кеңінен насихатталуына бағытталған бұл додаға Шымкент қаласының 20-дан астам спортшысы қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар классика және блиц бағыттары бойынша шеберліктерін көрсетіп, әр кезеңде тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында жас спортшылар да, тәжірибелі ойыншылар да өз мүмкіндіктерін сынап, стратегиялық ойлау қабілетін танытты.


АЛМАС ТОЛЫҚБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
 Қалалық чемпионаттарды республикалық чемпионаттың алдында өткіземіз.Қазіргі таңда 20-ға жуық қатысушы бар.Бәрі 16 жастан асқан ер-азаматтар.Ойын классика және блиц түрінен өтіп жатыр.Жеңімпаз атанғандар қыркүйек айында ҚР чемпионатына барады.


Жарысқа қатысушылардың арасында халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғаған тәжірибелі спортшылар да бар. Солардың бірі – әлем чемпионаттарында көк Туымызды желбіретіп жүрген тоғызқұмалақшы Ғалымжан Темірбаев. Жыл сайын үздіктер сапынан көрініп жүрген спортшы биылғы додада да жеңіске үмітті.


ҒАЛЫМЖАН ТЕМІРБАЕВ, ҚАТЫСУШЫ
 Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты 1994 жылдан бастап ойнаймын. Тоғызқұмалақтан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің алты дүркін чемпионымын. Абай атамыздың былтыр 180 жылдығында Абай облысында тоғызқұмалақтан өткен сайыста бас жүлдені жеңіп алдым. Қазіргі таңда «фавориттер» өз орындарында.


Чемпионатта топ жарып шыққан үздік алты спортшы қыркүйек айында Ақтау қаласында өтетін республикалық жарысқа жолдама алады. Олар ел біріншілігінде Шымкент қаласының намысын қорғайды.

Бөлісу