Негізгі Жаңалықтар АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Түркістанда Абай күніне орай ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Рухани шарада Абайдың тағылымды мұрасы ұлықталып, шығармашылығы насихатталды.


10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай Жаңа қаладағы Абай ескерткіші маңында тағылымды шара өтті. Ұлы ақынның рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл қойылды. Абай – қазақтың рухани әлемін биіктеткен ұлы тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері білімге, еңбекке, адамгершілікке үндейді. «Адам болам десеңіз…» деген ақынның өсиеті арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, бүгінгі ұрпақ үшін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Шара барысында Абай шығармаларынан әдеби композиция ұсынылып, «Көзімнің қарасы» әні орындалды. Сондай-ақ «Абай әлемі: Ойдан-өнегеге» атты кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілікке Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да тарту етілді. Айта кетейік, 10 тамыз – «Абай күні» ретінде 2020 жылдан бері аталып келеді. Бүгінде Түркістан облысында Абай есімімен 110 көше мен 15 мектеп аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш пен 11 бюст орнатылған.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы ақынның аманатына адал болып, елге қызмет ете берейік.

Бөлісу