«SHYMKENT IT CITY FORUM»: БОЛАШАҚ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Мегаполисте өңірді заманауи технологиялық хабқа айналдыруды көздейтін «Shymkent IT City Forum» атты халықаралық жиын өтті. Ауқымды басқосуда кәсіпкерлік саласына жасанды интеллект алгоритмдерін енгізу мен отандық стартаптарды қолдау мәселелері талқыланды. Халықаралық сарапшылар айти бастамаларға жоғары баға беріп, қаланың басты инновациялық орталық ретіндегі әлеуетін айрықша атап өтті.
Соңғы жылдары үшінші мегаполис қарқынды дамып, цифрландыру мен жоғары технологиялар саласында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы оң серпінді одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл ауқымды жиынға академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті мұрындық болды. Аталған оқу орны бүгінде жас өрендердің инновациялық идеясын қолдайтын ғылыми орталыққа айналды. Ал форум аясында еліміздің технологиялық әлеуетін нығайту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін өндіріске енгізу жайы сөз болды.
РАБИҒА ҚУАТБЕКОВА, АКАДЕМИК Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
Цифрлық басқару саласында жаңа мамандар даярланып, халықаралық деңгейге сай мамандар қалыптасады. Біздің оқу орнымыз цифрлық технологияны дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, еңбек нарығына жоғары білікті мамандар даярлауға ерекше мән береді. Бұл экосистема сияқты. Бірлесіп өткізген бірінші форум. Мен алдағы уақытта жалғасады деп ойлаймын. Бүгін мықты спикерлер өз жобаларын таныстырып жатыр.Бұл концепция Шымкентте өзіндік орнын алады деп ойлаймын.
Таңертеңнен басталған жиын отандық және шетелдік сарапшылардың, инноваторлар мен кәсіпкерлердің басын қосты. Форум аясында қатысушылар цифрлық трансформация, киберқауіпсіздік пен «акылды қала» инфрақұрылымын құру мәселелерін жан-жақты талқылады. Шетелден келген сарапшылар шаһардың бұл бағыттағы әлеуетіне оң баға беріп, ғылыми жетістіктерді саралады.
ВЕСЕЛИН БОЙЧЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ
Бүгінгі форум болашақта цифрлық орта қалыптастыру үшін айти хаб салу ұсынысы бойынша ұйымдастырылып отыр.Мұндай маңызды дүниені екінің бірі жасай алмайды.Бұл форумда бүгін жаңа стартаптармен, қызықты жобалармен таныстық.Енді алдағы уақытта жұмыс тобымен құрылып, Қазақстанмен бірлескен жобалар дайындауды жоспарлап отырмыз.
Ал «Parasat» бизнес-клубы кәсіпкерлік пен жоғары технологияны ұштастыруда маңызды рөл атқарды. Олар жасанды интеллект алгоритмдерін бизнес-үдерістерге енгізіп, отандық стартаптарға инвестиция тарту бойынша ауқымды бастамаларды ортаға салды.
ЕЛІКБАЙ ТОҚБЕРГЕНОВ, «PARASAT» БИЗНЕС-КЛУБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біздің қазіргі ойымыз Америкадағыдай Шымкентте айти орталық салу.Яғни ақылды жастарды жинап, олардың ойын, қабілетін танып, шетелге сата алатындай жоба дайындау.Бізде техникалық тұрғыдан мықты мамандар көп.Олар жоба жасаса, біз оны ары қарай шетелге сатуға жағдай жасайтын едік.
Жалпы, бұл бастама халықаралық әріптестікке жол ашады. Басқосуда нақты пилоттық жобалар бекітіліп, шаһардың цифрлық трансформациясын жаңа белеске көтеретін жоспар қабылданды.