Негізгі Жаңалықтар ҮЗДІК ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

ҮЗДІК ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкентте еліміздің тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы антқа адал қызмет етіп жүрген Ұлттық ұланның үздік жауынгерлеріне арналған ауқымды салтанатты құрмет көрсету кеші өтті. Жиынға қатысқандар үлгілі тәртібімен дараланған қос жауынгердің өмірбаянын тыңдап, жетістіктерімен танысты.


 Бұл кештің басты кейіпкерлері – жоғары кәсібилігімен әрі үлгілі тәртібімен дараланған капитан Рахымжан Тұяқбаев пен сержант Бахтияр Тойчиев болды. Олар қатардағы сарбаздан бастап, жауапты лауазымдарға дейінгі жолды жүріп өтіп, қызметін абыроймен атқарып келеді. Ел тыныштығын кірпік қақпай күзеткен қос жауынгердің ғибратты өмір жолы жиналған көпшілікке кеңінен дәріптелді.


 БАУЫРЖАН НҰРАЛИЕВ, 6598 ӘСКЕРИ БӨЛІМ КОМАНДИРІ, ПОЛКОВНИК
Капитан Рахымжан Тұяқбаев пен сержант Бахтияр Тойчиев осы әскери бөлімде кәсіби біліктілігмен, адал еңбегімен құрметке бөленіп отыр.Мұндай әскери қызметшілердің еңбегін әрдайым бағалау керек деп ойлаймын.Бүгінгі құрметтеу кешінде ата-аналарын, балаларын, жанұясын шақырып, әскерилердің қызметін үлгі етіп, салтанатты іс-шара өткізіп отырмыз.


Салтанатты басқосу барысында ел қорғаушыларға ерекше құрмет көрсетіліп, лайықты марапаттар табысталды. Сөз алған қонақтар әскерилердің жанұясы мен ата-анасына да алғысын жаудырып, сый-сияпат берді.


СҰЛТАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АРДАГЕРІ, ОТСТАВКАДАҒЫ ПОДПОЛКОВНИК
Әскери қызмет –абыройлы да жауапкершілігі мол іс.Бұл жігіттердің қызметі жоғарылап, одан жастарымыз үлгі ала берсін.Өйткені, офицер болу бір жылдық еңбек емес, олар сержанттарды тәрбиелейтін лауазымды мамандық деп есептеймін.


Мұндай салтанатты жиындар әскери қызметтің беделін арттырып, қатардағы жас сарбаздарға дем берері сөзсіз. Ұйымдастырушылар бұл арқылы өз ісіне адал, Отанға қызмет етуді биік мәртебе санайтындар қатарын арттыруды көздейтіндерін айтады.

Бөлісу