Негізгі Жаңалықтар SEITZHAN SCHOOL – БІЛІМ МЕН МҮМКІНДІК АЛАҢЫ

SEITZHAN SCHOOL – БІЛІМ МЕН МҮМКІНДІК АЛАҢЫ

Шымкентте сапалы білім мен заманауи оқыту жүйесін ұштастырған Seitzhan School мектебінде «Ашық есік күні» өтті. Білім орданың тыныс-тіршілігімен танысуға келген ата-аналар мектептің басты ұстанымы жайлы ақпарат алды. Жиында басшылық тарап оқу жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып, артықшылықтарын тізіп шықты. Толығырақ келесі сюжетте.


 Бала болашағына салынған ең үлкен инвестиция – сапалы білім. Осы ұстанымды негізге алған Seitzhan School мектебі бүгінде шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, қабілет-қарымын шыңдап келеді. Айталық, оқу орнынан қанат қаққан талай түлек қазір түрлі салада білім алып, өз биігін бағындырып жүр. Оған ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық, ізденіске негізделген оқу жүйесі дәлел. Ал мектепте арнайы өткен «Ашық есік күні» осы ортаны ата-аналарға жақыннан таныстыруға арналды.


АСЫЛХАН УСИПБЕКОВ, SEITZHAN SCHOOL МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
 Міне үш жылдың көлемінде өте жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз.Жылдан-жылға оқушы саны да артып жатыр.Бүгінгі ашық есік күнінде ата-аналарға мектептің қандай артықшылықтары бар, соның бәрін көрсеткіміз келеді. Біздің ұстанымымыз-сапалы білім, саналы тәрбие және жайлы орта.Артықшылығымыз-базамыздың оқушыларға жайлы, ыңғайлы болуында.


Мектеп ұжымы үшін негізгі стратегиялық бағыт – әр баланың бойындағы табиғи қабілетті ерте танып, оны жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыру. Осы мақсатта мұнда толық күндік оқыту жүйесі енгізілген. Таңғы 08:30-дан кешкі 17:30-ға дейін жалғасатын оқу күнінде оқушылар негізгі пәндерді меңгерумен қатар, өз қызығушылығына қарай 20-дан астам үйірме мен секцияға қатыса алады. Білім орданың академиялық бағыты да заман талабына сай құрылған. Мұнда жаратылыстану-математикалық пәндер мен ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі. Оқу процесіне халықаралық тәжірибеге сай заманауи әдістемелер де енгізілген.


НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ, SEITZHAN SCHOOL МЕКТЕБІ БАҚЫЛАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӘУЕЛСІЗ ДИРЕКТОРЫ
Біздің мектебіміздің ерекшелігі–барлық әдіс-тәсілдер ғылымға негізделген.Дәл сол туралы бүгін ақпарат айтамыз.Бұл мектептің табалдырғынан аттайтын әр оқушыға үлкен мүмкіндіктерді жаратып, олардың болашақта әлемдік деңгейде қызмет ететініне сенім артамыз.


Басшылықтың таныстырылымынан кейін ата-аналар мектепті аралап, оқу үдерісімен жақыннан танысты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кабинеттер, кең әрі жайлы оқу кеңістіктері, шығармашылық пен қосымша білім алуға арналған орындар оқушыға қолайлы орта қалыптастырады. Білім ошағында Face-ID жүйесі енгізіліп, ғимарат ішінде үздіксіз бейнебақылау жүргізіледі. Тәулік бойы күзет қызметі жұмыс істейді. Оқушылардың денсаулығына да ерекше көңіл бөлініп, күніне үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған. Ал психолог пен логопед мамандары білім алушыны оқу үдерісіне бейімдейді. Мектептің осы сынды артықшылықтарымен әлеуметтік желі арқылы танысқан кейбір ата-аналар тіпті мұхит асып, ашық есік күніне қатысу үшін Америка елінен арнайы келіпті.


ДЖОН ПОЛ ПЕРЕЙРА, АТА-АНА
 Менің ұлым 12 жаста.Біз ағылшын тілінде оқытатын мектеп іздедік.Жұбайым әлеуметтік желіден осы мектепті көріпті, бізге қатты ұнады.Оқу орнының білім сапасы, ұстаздары, инфрақұрылымы көңілімізден толық шықты. Бүгін ашық есік күніне келіп, барлығымен танысып жатырмыз.


Бала болашағына жауапкершілікпен қарайтын ата-ана үшін мұндай таңдау – ертеңге жасалған маңызды қадам. Ал Seitzhan School мектебі әр шәкірттің талабын танып, таңдауына сай сапалы білім беруді мақсат етеді.

Бөлісу